Шалабаев Белгібай
(1911—1990)
Баянауыл ауданы

Шалабаев Белгібай Павлодар облысы Баянауыл ауданы, Далба ауылында дүниеге келген. Әдебиет зерттеуші, филология ғылымдарының докторы (1969), профессор (1970), Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі (1962), ғылыми қайраткері (1985). Ұлы Отан соғысының ардагері. Қазақ Педагогикалық институтын 1936 жылы бітірген. «Пионер» (қазіргі «Ақжелкен») газетінде редактор (1933-1934), ҚазПИ-де декан, кафедра меңгерушісі, Қазақстан Ғылым Академиясында Тіл және әдебиет институтында аға ғылыми қызметкер, Қазақ Мемлекеттік Университетінде кафедра меңгерушісі, доцент, профессор (1947-1987).
Б.Шалабаевтың зерттеулері «Қазақ прозасының тарихы» (1956), «Қазақ романының тууы мен қалыптасу тарихы» (1983) монографиясы, «Қазақ әдебиетінің тарихы» (3 т., 1948, 1960), «Қазақ совет әдебиеті тарихының очерктері» (1949) академиялық еңбектерді жазуға қатысқан. «История казахской прозы (сюжет и характер)» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. Б.Шалабаев «Тайжаген тауында» (1932), «Жекпе - жек» (1936) повестерінің авторы, «Өмірде не болмайды?» (1961) әңгімелер мен фельетондар, «Көркем проза тілі», «Көркем әдебиет тілі және оны мектепте оқыту» жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралын жазған. В.Г.Короленконың «Тілсіз» повесін, М.Горкийдің «Жастар және балалар туралы» мақалалар жинағын, очерктерін, В.Г.Белинскийдің таңдамалы шығармаларын қазақ тіліне аударды. Бірінші дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Қазақстанның жоғары мектебінің және халық ағарту ісінің үздігі.
Әдебиеттер
Шалабаев Б. Өмірде не болмайды: повесть.- Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1961.- 192 б.
Шалабаев Б. Көркем әдебиет тілі және оны мектепте оқыту. - Алматы: Жазушы, 1982.- 87 б.
Шалабаев Б. Қазақ романының тууы мен қалыптасу тарихы.- Алматы:Мектеп, 1983.- 192 б.
Шалабаев Б. Көркем проза тілі: Жоғары оқу орындары студенттеріне арналған оқу құралы.- Алматы: Білім, 1994.- 128 б.
***
Белгібай Шалабаевтың айтқандары: (Зарқын Тайшыбайдың естелігінен) // Найзатас. - 2013. - №5. - 197 - 199 б.
Қажыбай Аян Төлегенұлы. Белгібай Шалабаевтың ғылыми-сын, әдеби аударма еңбектері: автореф. дис.: филолог. ғылым. канд.: 10.01.02 Төлегенұлы; Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық ун-ті. - Астана, 2010. - 24 б.
Оспанова С.Т.Ұлы қаламгер - кемеңгер тұлға: [Ғалым-филолог, филология ғылымының докторы Б.Шалабаевтың туғанына 100 жыл] // Шаһар. - 2011. - 13 мамыр. - 16б.