Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінің негізі 1990 жылдың 1 ақпанында қаланып, 1992 жылғы 22 наурызда салтанатты түрде ашылды.
Қазіргі кезде музейде 47 мыңнан астам экспонат бар. Оның ішінде 13 071 жуығы түпнүсқа болып есептеледі.
Музей қорына көптеген бағалы жәдігерлер жинақталған. Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Жүсіпбек Аймауытов, Иса Байзақов, Всеволод Иванов, Антон Сорокин, Қошке Кемеңгеров, Қадыр Тайшықов, Дихан Әбілев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Зейін Шашкин, Қалижан Бекхожин, Әлкей Марғулан, Рамазан Тоқтаров, Аманжол Шәмкенов, Қалмұқан Исабаев, Мүбарак Жаманбалинов, Сәбит Дөнентаев т.б. ақын - жазушылардың, Жаяу Муса, Естай Беркімбаев, Майра Шамсутдинова, Жұмат Шанин, Қамар Қасымов, Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаев, Қуат Әбусейітов, Суат Әбусейітов, Қали Байжанов т.б. өнер адамдарының жеке заттары, жәдігерлері, қолжазбалары, өздері жасаған заттар музейдің баға жетпес құнды қазыналары.
Музей қызметкерлерінің ыждаһатты зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Қошке Кемеңгеров, Қадыр Тайшықов, Мұхтар Саматов, Жүсіпбек Аймауытов сияқты қуғын -сүргінге ұшыраған ақын-жазушылардың өмірлерінен соңғы деректер, бағалы құжаттар табылды.
Экспонаты мол, әрі әсерлі бұрыштарының бірі Всеволод Ивановтың кабинеті. Мұнда жазушының жеке заттары, кітап шкафы, жазу үстелі, орындығы, бес үзбелі қоршау-шымылдық т.б. бар.
Шәкен Аймановтың апатқа ұшырағанда үстінде болған тоны, Иса Байзақовтың ауруханада жатқанда ұстаған шәйнегі, Жүсіпбек Аймауытовтың өз қолымен жасаған қағаз кесетін ағаш пышағы т.б. заттары, Қамар Қасымовтың Нұтфолла Шәкеновке жасап берген домбырасы, белгілі аспапкер Тоқбай Жұмағұловтың балалайкасы музейге келушілердің көзіне ыстық көрінетін, жүрекке ерекше әсер ететін мейлінше құнды жәдігерлер.
Музейдің орналасқан үйі ескі сәулет бойынша 1897 жылы салынған, айшықты оюлармен көмкерілген мейлінше көрікті ағаш үй. Оның іші шамамен бес жүз шаршы метрдей. Осыдан 267 шаршы метірі экспозицияға пайдаланылуда.
Музей қызметкерлері насихат жұмыстарын мемлекеттік тілде жүргізеді. Барлық ғылыми қызметкерлер екі тілде бірдей дәріс оқып, экскурсияларды да екі тілде қатар өткізуде. Сонымен қатар, дарынды ақын-жазушыларымызды, өнер қайраткерлерін бұқараға кеңінен насихаттау мақсатымен олар туралы мерзімді баспасөзде танымдық мақалалар жазу, теле-радиохабарлар беру жүйелі түрде атқарылып келеді.
© С. Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 2011ж. www.pavlodarlibrary.kz