Жүсіп Қуандық Пазылұлы
Жазушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, профессор Қуандық Пазылұлы Жүсіпов 1941 жылы 2 қарашада Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, қазіргі Мәшһүр-Жүсіп ауылында (бұрынғы «Жаңа жол» совхозы) дүниеге келген.
1959 жылы Баянауыл қазақ орта мектебін бітірген.
1959-1964 жылдары Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих-филология факультетінде оқып, қазақ тілі мен әдебиеті және тарихының мұғалімі мамандығын алады. 1964-1967 жж. Қазақ ССР Ғылым академиясындағы М.Әуезов атындағы «Әдебиет және өнер институты» аспирантурасын оқыды. 1968 жылдан бастап Қазақ ССР Жоғары және арнаулы орта білім министрлігі жолдамасымен Семейдің Н.К. Крупская атындағы педагогикалык институтындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға окытушысы болып қызметке орналасты. 1969 жылы Қазақ ССР ҒА М.Әуезов атындағы «Әдебиет және өнер институты» ғылыми кеңесінде «Қазақ прозасындағы тартыс және жаңа адам» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 1973 жылдан сол кафедраның доценті және кафедра меңгерушісі болып істеді (1978 жылға дейін). «Қазіргі қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік» тақырыбында докторлық дис¬сертация қорғады.
1996 жылы Қазақстан Республикасының Министрлер кабинеті жанындағы жоғарғы аттестациялық комисиясы шешімімен Қ.Жүсіпке әдебиеттану профессоры деген ғылыми атақ берілді. 1995-1997 жылдар аралығында Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтында филологиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі және Екібастұз жоғарғы педагогикалық колледжінде қазақ филологиясы кафедрасы меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1997 жылдан бастап С.Торайғыров атындағы Пав-лодар мемлекеттік университетіндегі қазақ филологиясы кафедрасының және Павлодар университетіндегі мемлекеттік тіл кафедрасының меңгерушісі болып істейді. 1991 жылы Қазақстан жоғары білім министрлігі «Қазақстанның ағарту үздігі» («Отличник просвещения Казахстана») белгісімен, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісімен және «Құрмет» орденімен марапатталған.
«Бір әйелдің өмірі» (1975), «Армандастар» (1979), «Қыздар, жігіттер» (1981), «Однокурсники» (1989). «¥л мен қыз» пьесасы және 300 астам ғылыми мақаланың авторы.