Баймұратов Нұрлыбек
(1887 - 1969)
Май ауданы

Ақын-импровизатор Баймұратов Нұрлыбек 1887 жылы Павлодар облысы Май ауданында туған.
Нұрлыбек ақын Қазақстан халық ақындары ішіндегі өзіндік орны, өлең өрнегі, суреттеу мәнері бар әр дауысты, суырып салма төкпелігімен аты бүкіл Қазақстанға танымал болған аса дарынды ірі тұлға.
Жасынан жалшылықта жүрген кедей Баймұрат егін кәсібімен айналасып, күн көрісті ойлаған. Ақынның арғы тегі мен ұрым бұтағын тарата айтар болсақ, қазіргі Павлодар облысының Май ауданына қарасты Бозарал-Жалаңаш деген Ертіс бойындағы шағын қазақ ауылдарын мекендеген орта жүздің белді руы Найман ішінде Кенжалы бұтағынан тараған.
Ескіше де, жаңаша да сауатын ашқан Н.Баймұратовтың өлеңдері 1924 жылдан бастап жарияланып тұрды. Абай, Әріп, Әсет шығармаларынан тәлім алды. Ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, насихаттаумен шұғылданды. Иса (1922), Нартай (1939), Маясар (1943), Төлеу (1944), т.б. ақындармен айтысты.
Ұлы Отан соғысының қаһарманы Төлеген Тоқтаровқа арналған «Ер Төлеген» (1945), азамат соғысын суреттеген «Қанды жорық» (1962) дастандары жеке кітап болып басылды. Шығармаларының жинағы 1957 жылы жарық көрді.
Ақынға 1939 жылы Қаз ССР-нің Еңбек сіңірген өнер қайраткері атағы берілді. СССР Жазушылар Одағы мүшелігіне қабылданды. Қазақ ССР-ң Жоғары Кеңесі Құрмет грамотасымен марапатталған.
Әдебиеттер:
Баймұратов Н. Қазына: өлеңдер мен поэмалар. - Алматы: Жазушы, 1982. - 240 б.
Баймұратов Н. Стихи и поэма. - Алма-Ата: Казгослитиздат, 1957. 142 с.
***
Баймұратов Нұрлыбек // Қазақстан жазушылары: анықтамалық. - Алматы, 2009. - 81 б.