|
Алтын арқаның құтты мекені атанып жүрген бай қазыналы, көгілдір таулы көрікті өңірлердің бірі Баянауыл тарихы бастау алғанына екі ғасырдан асып кетті.
Қазақ халқының болашағын болжаған, дала данасы Асан Қайғы бабамыз Баян тауын көргенде «Ат ерін алмайтын жер екен. Бір түней кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады» деген екен.
1730 жылы Баянаула тауларында жоңғар басқыншыларына қарсы үлкен ұлт азаттық көтеріліс басталған. Қазақтың ұлы қолбасшысы Бөгенбай мен Олжабай батырлар бастаған қол, Баянаула тауларында бекініс құрған. Олар осы жерде Халден - Сереннің алдыңғы қолына үлкен тойтарыс берген. Содан «қалмаққырған» тауында жауын жойып, жеңіске жетіп, қалын қолымен түстікке барып, Қабанбай қолына қосылған.
1734 жылы Абылайдың қатысуымен Сабындыкөл жағасында үш жүздің төбе билері мен батырлары жиналып, қазақ елінің сыртқы бейбітшілік саясатын дамытуға қатысты өзекті мәселелер төңірегінде жиын өткізді, соңы үлкен тойға ұласты.
1752 жылы 17 қазанда ру басылар мен батырлардың Баянауылда бас қосып, жасаған құпия байламдары Ресей мен Қытай императорларын да ойландырды. Олар қазақтардың кімге қосылатынын біле алмай дал болды. Екі арыстан бірін-бірі алыстан аңдып, арадағы елді өзіне бұрып әкетудің әртүрлі саясатын жүргізе бастады.
Баянаула өңіріндегі осы дүрбеленнен кейін 1800-ші жылы, бейбіт кезеңі сияқты көрінді. Ел ру-румен ата-қоныс мекен жайына орналасты.
1826 жыл Ресейдің Сібірлік әкімдері осы жылдың он төртінші ақпанында Шөң биге «Төртұлы одағына» арнап (Шөң бидің хандарға билік бермеуі үшін он екі рудың басын қосып құрған одағы) дербес округ ашуды ұсынады. Сол жылы Баянауыл қазақ станицасы ретінде Сабындыкөл жағасында, Ақбеттеу етегінде пайда болды.
1830 жылдың қыркүйек айында қазақ-орыстар болашақ Дуанның тұңғыш үйін салады.
1833 жылы наурыз айында Сібір комитетінің Омбы облысында екі округ құру жөніндегі ережесіне сәйкес Баянауыл кең-байтақ сыртқы округтің орталығына айналды. Оның аумағына қазіргі облысымыздың - Баянауыл, Екібастұз, Май, Краснокутск, Ақсу және Ертіс аудандарының жерлері кіреді.
1833 жылы тамыз айының 22 күні Баянауыл сыртқы округі «Сібір қырғыздары» облысының құрамына кірді.
1868 жылы Баянауыл округі далалық облыстар ережесіне сәйкес таратылып, жаңадан құрылған Павлодар уезінің құрамына енді. Баянауыл селосы казак станицасына айналды. Оның басына атаман тұрды.
Революциядан бұрын мұнда шіркеу, приход училищесі, мешіт, медресе, телеграф, 12 кереуеттік лазарет, азық-түлік дүкені, көпестердің лавкелері болды.
Сауда негізінен жекеленген адамдардың қолына топтастырылды. Тұрғындар дән себумен, жүк тасумен,орман және балық кәсіпшілігімен айналысты.
1920 жылы Совет үкіметі орнады. 1920 жылы Революциядан кейінгі алғашқы халық санағы Баянауылда 319 аула, 1620 тұрғынды тіркеді.
1920 жылдың сонында, 1930 жылдың басында қазақ тұрғындарының негізгі көпшілігі отырықшылық өмір салтына көшті.
1927 жылы І қаңтарда Баянауылдағы тұрғындардың саны 1807 адамға, ал отбасы саны 387-ге жетті.
1928 жылы аудан құрылып, Павлодар округінің құрамына кірді.
1933-1937 жылдар.
Аудан орталығында 280 орындық мектеп-интернат ашылды. 10 аттың күшіне тең двигателмен жұмыс істейтін диірмен болды.
1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдары. 1942 жылға астық жинау науқаны кезінде аудан облыс бойынша 1-ші болып, мемлекетке астық тапсырудың жоспары мерзімімен бұрын орындалды.
1954-60 жылдар. Тың және тыңайған жерлерді игеру басталды.
1960-1965 жылдар. Аудандық партия комитеті селолық-өндірістік партия комитетіне айналды. Ал 1965 жылы қайтадан аудандық партия комитеті болды.
1970 жыл. Басты назар-ауыл шаруашылығын өркендетуге, оның ішінде қой шаруашылығының өнімдерінің сапасын арттыруға арналды. Осыған байланысты ауданда қой өсіруші комсомол-жастар бригадалары құрылды.
1985 жылы Баянауыл аймағында республикада алғаш рет 49 мың гектар алқапты алып жатқан мемлекеттік табиғи ұлттық парк құрылды. Ол өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғауға бағытталды.
Баянауыл тау-орман жыңғылында 270 өсімдіктің түрі, сүткөректі жануарлардың 40 түрі, құстың 54 түрі бар. Олардың арасында архар, бүркіт және өсімдіктің 4 түрі Қызыл кітапқа еңгізілген.
Сабындыкөл, Жасыбай көлдері, көптеген археологиялық ескерткіштер, палеолит, дәуірінің үңгірлері, табиғи байлықтың мол қоры - ежелден-ақ көрнекті ғалымдар мен геологтардың, этнографтардың назарын аударды. Әр уақыттта мұнда Г.Н.Потанин, Ш.Ш.Уәлиханов, Ф.А.Обручев, Томск университетінің профессорлары В.В.Сапожников, П.Л. Драверт, И.А. Усов және басқалары да болды.
Туристердің құмарта баратын жерлері-палеолит дәуірінің үңгірі, қорған бейіттері, қазақтың ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдері - абыз, әулие, ақындардың қойылған жері, халық батыры Жасыбайдың қаза тапқан орны және т.б.
Баянауыл жері көптеген ғалымдардың, жазушылардың, ақындардың және қоғам қайраткерлерің Отаны. Бұл даңқты Бұқар жыраудың, Шоң бидің, он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысындағы және жиырмасыншы ғасырдың басындағы композитор Жаяу Мұса Байжановтың, алғашқы қазақтан шыққан тарихшы, ағартушылардың бірі-Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтың және қазақ әдебиетінің классигі, ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, тағы басқа зиялылардың Отаны.
Баянауылдан 30-дан аса ғылым докторы және 200 ғылым кандидаты шыққан. Олардың арасында геолог Қаз ССР ғылым академиясының тұнғыш президенті, Лениндік және мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың орны ерекше.
Қазақстан ғылымының дамуына үлес қосқан академиктер - Ш. Шокин, А.Х. Марғұлан, ғылым докторлары - А. Бектұров, Е. Бекмаханов, С. Бейсенбаевтар, т.б. Баянауылдық ақын-жазушылар Ж. Аймауытов, Д. Әбілев, З. Шашкин, З. Ақышев, Қ. Исабай, хылық артистері Ш. Айманов, К. Кенжетаев, алғашқы қазақ режиссері Ж. Шанин, т.б. кенінен танымал.
Бүгін Баянауыл ауданы Павлодар облысындағы ең ірі аудандардың бірі болды. Ол 18,5 мың шаршы шақырым жерді алып жатыр. Кезінде 83 елді мекені, 12 селолық, 3 кенттік кеңес болды. Тұрғындарының саны 38,1 мың адамға дейін өсті.
Бүгін Баянауыл ауданында 40 елді мекен, 14 селолық, 1 кенттік округ бар. Аудан бойынша халық саны - 28900 адам.
Қазіргі кезенде мұнда 8 мәдениет үйі, 27 кітапхана, Қ.Сәтбаев, С.Торайғыров, М.Ж.Көпеевтың атындағы мұражайлар жұмыс істейді. 32 жалпы білім беретін мектептердің 8-бастауыш, 3-уі негізгі, 21-орта мектептер. Жаяу Мұса атындағы 1 өнер мектебі және жасөспірімдердің спорт мектебі бар.
Қазір ауданда 3 аурухана, 11 селолық дәрігерлік амбулатория, 11 фельдшерлік-акушерлік пунктер бар. Оларда 200-ден аса медицина қызметкері қызмет көрсетеді. Халық шаруашылығының басқа салаларында жоғары білімді 1000-нан аса маман еңбек етеді.
Ауданның экономикасы сан-салалы. Ең ірі өндірістік кәсіпорын - Майқайың алтын кен басқармасы.Ол мемлекетке өндірістікөнімнің 14 түрін береді.Баянауыл ауданы облыстағы ірі мал шаруашылығы базасы болып табылады.
1931 жылдан бері ауданда «Баянтау» газеті екі тілде шығып тұрса, 2005 жылдан бастап «Баянаула баурайы» атты екінші аудандық газет шыға бастады.
Баянауыл орталығында автотранспорт, өндірістік жол учаскесі, мәдениет, байланыс, денсаулық сақтау,қазпошта, әлеуметтік қамтамасыз-дандыру, экология, ішкі істер, қорғаныс істері бөлімдері, сауда, тағы басқа мекемелер орналасқан.
Баянауыл өлкесінің бүгінгі тыныс-тіршілігінен жаңа заманға бейімделу бағытына бет түзегенді аңғару қиын емес.
© С. Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 2011ж. www.pavlodarlibrary.kz