|
Біздің - Ақтоғай ауданымыз Совет Одағының тұсында, архивті деректерге сүйенсек, 1938 жылы 2 қаңтардағы бір қаулымен Павлодар облысымен бірге және Қазақ ССР Орталық Атқару Комитетінің Президиумының 1938 жылғы 14 ақпандағы Қаулысымен құрылу туралы шешім алынған. Осы 1938 жылдың ақпан айының ортасында Куйбышев ауданы болып өз алдында Ертіс, Павлодар аудандарынан енші алып құрылған. Бұл ертеректе Алқакөл, Ақкөл және Қызыл ағаш болыстығының жартылап жер көлемін құрған, яғни осы аудан құрылған жылы батысы мен шығысын аралығы сонау, Ақкөл жайылмасынан қарт Ертіс өзенін жағалап тоқтаған.
Жер көлемі өзгертіліп кескіленгені - соңғы рет 1972 жылы, соның өзінде қазіргі уақытта облыс бойынша көлемді деген 4 ауданның бірі болып отыр. Әлемде, қай елдің адамы болмасын өзінің туған жерін ерекшелеп биік ұстайды. Бізде-Ақтоғайлықтар өз ауданымызды, оның табиғатын Ақкөл жайылмадан аты шулы Жалаулы көлінен бастау алып, ұшаң теңіз біркелкі Сарыарқаның құсымен бірге ән салып тұрған сан қырлы өсімдіктер, қарт Ертістің жәйлі толқып тұрған көздерімен, Күнмен таласа өскен өзіне тән әдемі тоғайы - біздер үшін нағыз туған ыстық жер.
Заманына қарай жол өзгереді дегендей, бұл елде қилы-қилы заманды бастарымен кешкен ел, бірақта осы жердің қасиетті топырағы, әрдайым қайда жүрсекте сағындырып тұрады. Кезінде, елімізге мәлім өнер иесі Естайдың «Жай қоңыр» әні осы сұлу табиғат көріністерінен туған деседі.
Аудан 1938 жылдан 1963 жылға дейін Куйбышев, 1963 пен 1993 жылға дейін Краснокутск, 1993 жылғы мамыр айынан Ақтоғай ауданы болып отыр. Алғашқы аудан болып құрылған жылы: 15 ауылдық кеңес, 2 МТС, 5 совхоз, 29 колхоз, 1 балық және бірнеше ұсақ артельдер болған. Ол кездегі ең ірі колхоздың бірі болып Харьков ауылының «Пламя» колхозы есептелген, управление бастығы Глущенко Андрей Федорович, колхозға 118 отбасы енген. Барлығы 353 бас ірі қара мал, оның 110-ы сиыр, 48-і өгіз. Сондай-ақ 1403 бас қой, 46 бас шошқа, 198 басжылқысы, 2 3000 гектар дәнді егін алқабы болған. Осы 1938 жылы бұл ұжым 17 372 центнер астық бастырып, бүкіл Республикаға әйгілі болған.
Совхоздар: Екібастұз, Новотроицк, Ақкөл, Чкалов, Калинин атындағы бұлардың бәрі де 1929-1935 жылдары құрылған. Аудан елді мекендері жаңада өз алдына еншіленіп - ұжым болып даму бастағанда, бәрімізге мәлім Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Бұл жылдары ауылшаруашылық өнімдерін айтарлықтай күш-қуат болмағандықтан, осынша үлкен тапсырмалар тек қана қатал сұраныспен, уақытпен санаспай таңнан түнге дейін, кәрі мен жасының қол күшімен ауыр жағдайда орындалып отырған. Жалпы елге түскен соғыстың зардабы, біздің ақтоғайлықтардың да тарихынан ерекше орын алды. Сол алғашқы күндердің өзінде-ақ, Отан үшін деген патриотизмдік сезіммен көмтеген митингтер өтіп, өз ниеттерімен майданға аттанған жерлестеріміз көп болған. Кейбір отбасынан әкесімен баласы, тіпті бес ағайындарға дейін, жалпы біздің соғыс (әскери) коммисариатынан 1900-ға жуық адам Ұлы Отан соғысына қатысып соңау ақырғы Берлин қаласын алуға қатысқан.
Көптеген ақтоғайлықтар жауынгерлер жан аямай ерліктері үшін әр деңгейдегі орден, медальдармен марапатталған. Өкінішке орай қан-майдан даласында 1488 азамат-жауынгеріміз мәңгілік болып сол жерлерде оралмай қалып қойды. Соғыстан кейінгі бейбіт құрылыс жылдарында, алғашқы үлкен тарихи бетбұрыс елдің тұрмыс қажетіне шаруашылық экономикасына, халықтың мәдениетімен білім саласына арналған Үкіметтің 1950 жылдардан кейінгі бірнеше алынған қаулылары болды.
Міне, осыдан кейін біздің ауданда ел тұрмысы біршама жақсылыққа бет бұрып, айқындалған бағдарламалармен өрлеу жолына түсе бастайды. Бұл кез ауылшаруашылығының қай саласы болмасын бір жаңа көзқараспен, үлкен жауапкершілікпен жаңа бір қозғалыстан бары айқындалып тұрған. Ауылшаруышылығының дамуына Кеңес Үкіметінің тұсында бесжылдық жоспармен белгіленіп және социалистік жарыс қозғалыстың еңбек бәсекесінің өз кезінде өріс алғандығы тарихи ақиқат.
XX ғасырдың 50-шы жылдардың басындағы ең үлкен жерді игеру және осы науқанға барлық елден жастардың шақырылуы. Осы салада ауданымызда 1954-1955 жылдары: Агрономия, Жданов атындағы, Шідерті, Краснокутск, Карл-Маркс, Приозерный атты жаңа тың совхоздары бой көтерді. Міне, дәл осы кезде, елді мекендерде әр түрлі ұлт-өкілдерімен шулы жастар үні, жаңаша еңбек майданына кіріскен кезі. Бұл ұлкен тарих. Аудан экономикасы, ел тұрмысының оң қараған шағы, міне осы кезден басталды десе болады.
Ауданның өрлеу жылдары осы тың игеру жылдарынан басталды емес пе? Көп аға буынды тұрғындардың есінде 1956, 1958, 1972, 1979, 1980 жылдары болған үлкен шығымды егін, халықтың көптен шешілмей жүрген тұрмыс-қажет проблемаларын шешіп, елдің біршама көтеріліп қалған кездері еді ғой. Осы өрлеу жылдарындағы ауданның бір көлемді істерінің бірі дәнді дақылдар егін аумағы 1963-1964 жылдары 400 000 гектарға жеткізілген. Кейін көп жылдар бойы 230 000 гектарға астық егіліп, өнімінен Отанға үлес қосқан.
Ауданымыздың басты бағыты ауылшаруашылығының өнімін өнліру. Осы салада 1963-1964 жылдары 17 совхоз өндіріспен айналысқан, халық саны 41 970 адамға жеткен. Енді аудан тарихына кімдер қатысты болды екен десек, әрине бұл жерде ешқандай күмән жоқ, алдымен елдің тұрақты тұрғындары - бәріміз оның ішінде қоғам даму барысындағы жауапты қызметкерлер, немесе елім деп жан аямай еңбек еткен азаматтардың үлесі сөзсіз даму биіктігі, көбінесе басқарушыдан екендігі көп дәлел керек етпейді.
Жалпы бізідің аудан тарихында партия заманында 16 бірінші хатшы аудандық комитетте басшылық еткен. Алғашқы бірінші хатшы болып наурыз 1938 жылы - Чекушин сайланса, Юрьев М.П. 1991 жылы қараша айында, 15 жыл бойы ауданға басшылық етіп, партия өмірін тоқтатты.
Ауданның алғашқы 2 онжылдығында басшылар өте жиі тез-тез ауысып отырған, әрине сол кездегі әлеуметтік тұрмыстың ауырлығы соғыс зардабы, экономиканың дамыу өз әсерін тигізуі мүмкін, содан болар.
1957-1967 жылдар аралығында Махмет Қайырбаев - бірінші хатшы болып басқарған жылдары, ел дамуына ерекше өз өрнегін қалдырған. Дәл осы кезде аудан жан-жақты әр салада үлкен жауапкершілікпен дамыған. Алдымен бұл жылдары көптеген елді мекендердің пайда болуы және өзара жол торабымен байланысуы, әрине ең бастысы ауылшаруашылығының өз деңгейіне көтерілуі. Бұл жерде ерекше көңілмен айту керек. Махмет Қайырбаев өз басындағы қасиетті істерді, жауапкершілікті тапсырмалардың орындалуына арналған, әрдайым аудан басшыларына, мамандарға тәрбие ретінде мұқият ұстап отырған.
1968-1976 жылдары Сату Баймұхамбетов, 1976-1991 жылдары Михаил Юрьев сияқты тәжірибелі азаматтар ауданды басқарып еңбек етті. Әр басшының өз жылдарының өзіндік проблемалары болды, бәрі де мүмкіндіктері бойынша ауданның дамуына жан аямай қызмет етті.
Кейінгі ақтоғайлықтар өз еліне деген сүйіспеншілікпен ауданымыздың ардақты азаматтарын жақсылап игеріп білгені жөн. Адуов Сілямбек, Жұмалин Молдахан, Рақымов Қазке, Уәлиев Даулет, П.Храмов, Құшанов Қабиден, Сұнтаев Имәт, Әндіржанов Мәнәп, Тарама Владимир, Чусов Иван, Ғалымов Қайыржан, Тілегенов Нықат, Рева Иван, Видикер Николай, Рқашев Төлеген тағы да көптеген ағалар осылардың әрқайсысы аудан жүгін арқалап, бір қадам шетке кетпей өз елдерінде тарих өрнегін салғандар.
Ауданымыздың басты саласы - ауылшаруашылығы, бұнда да аттары аңызғы айналған - парасатты да, өз істерінің шебер ұйымдастырушылары баршылық. «Ташенов Шұға» - өзінің барлық еңбек өмірін тек қана ауылшаруашылығының экономикасына арнаған. Шарапиденов Жетімхан, Супеков Бекен, Ганауэр Иван, Кабулов Сартай, Афанасенко Владимир сияқты совхоз директорлары кезінде аудан даңқын жоғары көтергендер.
Ауданымызда еңбек ардагерлері де тамаша көрсеткіштерімен көптеген жоғарғы дәрежедегі ордендердің иегерлері болған. Ахмединов Әнес бастаған-4 Социалистік Еңбек Ері, 25 Ленин орден иегерлері еңбек еткен, бүгінде 10 ауданның Құрметті азаматтары арамызда.
Көптеген ақтоғайлықтар-жерлестеріміз облыс, республика деңгейінде де жауапты қызметтерде болғанын қуанышпен мақтана айта аламыз. Алин Қабылбек, Шарапиденов Темірболат, Чайко Е.В., Омаров Ақылбек, Сәрсенов Зейнолла аудан басшылықтарында болып, генерал Марденов Жұкен, ғылым докторлары: Құсайынов Айып, Әшитов Зайырхан Астана министрліктерінде қызмет еткен. Профессор Шаяхметов Тасболат-20 жыл асуымен институт ректоры болып қызмет атқарса, елдің құрметті қыздарының бірі Рысты Жұмабекова - парламент депутаты, облыс әкімінің орынбасары болған.
Жалпы аудан тарихын тереңірек қызықтап білгіңіз келсе, «Ардақты елім – Ақтоғай» атты кітап жарық көреді.
Қазір бәрімізге мәлім күрделі реформадан кейін ауданымызда көмтеген қиындықтар болса да, көштен қалдырмай аудан әкімшілігі парасаттылығымен жаңа жолға ғасыр босағасын аттатып отыр. Қазақ әрдайым төзімді халық қой, келешекке үмітпен қуаттанған, казіргі қолға алынып жатқан көптеген шаралар, елді ерекше бір белеске, жақсылыққа жетелейді.
Ағалар үлгісімен аянбай еңбек етіп, қоғамның парасатты азаматы болуыңызға тілектеспін. Болашақ сәтті, қуанышты, бай болса. Тарихымыз биіктеп молая берсін.
© С. Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 2011ж. www.pavlodarlibrary.kz