Әлімбаев Мұзафар
Шарбақты ауданы
Әлімбаев Мұзафар 1923 жылы Павлодар облысы Шарбақты ауданы Маралды аулында дүниеге келген. Қазақ ақыны, публицист, әдебиет зерттеушісі, аудармашы. 1978 жылы Қазақ КСР-ң Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атанды. Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1984). Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1948-58 жылдары «Пионер» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, бас редакторының орынбасары, 1958-86 жылдары «Балдырған» журналының бас редакторы болды. Алғашқы өлеңдерін 1939 жылдары жазды. Майдан газеттеріне араласты.
«Ана сәлемі», «Бір күн кейін білдім мен…», «Хаттарым қайда, хаттарым», «Ел мен ер» т.б. өлеңдерінде майдангерлер ерлігін жырлап, патриотизмге үндеді.
Бірінші кітабы - «Қарағанды жырлары» 1952 жылы жарық көрді. «Құрбыма» (1954), «Лирика», «Жолдар-жырлар» (1964), «Өлеңдер мен поэмалар» (1952, 1958) т.б. жинақтары сол кездегі өмір салтын, еңбекті, «Менің Қазақстаным», «Құрыш қазақ», «Мен де Ильичтің баласы» атты лирикалық поэмаларында Отанға, туған елге деген сүйіспеншілікті жырлайды.
«Ту тіккен» атты дастаны Ұлы Отан соғысында Рейхстагқа ту тіккендердің бірі Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігіне арналды. «Естай-Қорлан» атты лиро-эпикалық дастанына белгілі ақын, әнші, композитор Естай өмірі мен сол кездегі оқиға арқау болған. Ол 140 ән текстерін жазды. Олар 19 тілге аударылған.
Әлімбаев балалар әдебиетіне ерекше еңбек сіңіріп келеді. Оның «Бал дәурен, шіркін балалық», «Ақсерек пен Көксерек» т.б. сондай кітаптары оқырмандар қауымына кеңінен танымал. 1982 жылы «Аспандағы әпке» жинағы үшін ҚазКСР Мемлекеттің сыйлығы берілді.
Әлімбаев дүние жүзіндегі 70 елдің мақал-мәтелін жинап, оларды ана тілімізге аударды. Жазушы шығыстың классикалық поэзиясындағы рубаят үлгісімен де жазған ақын. Ол А.Пушкин, М.Лермонтов, М.Исаковский, Н.Тихонов, Тоқтағұл, Я.Райнис, Фирдауси, Сағди, Ш.Петефи, Г.Апполинер, Ю.Фучек, Н.Хикмет, т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударды. М.Әлімбаев қырғыздың әйгілі «Манас» эпосын қазақ тіліне аударушылардың бірі.
Қазақстан Республикасының Әнұраны авторының бірі.
Ақын шығармалары бірқатар КСРО халықтары және шетел тілдеріне аударылған. 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдармен марапатталған.
Әдебиеттер:
Әлімбаев М. Атадан қалған асыл сөз. - Алматы: Балауса, 2003. - 22 б.
Әлімбаев М. Аулақ бол жаман әдеттен / суретші Б. Ералиева. - Алматы: Балауса, 2002. - 32 б.
Әлімбаев М. Көңіл күнделігі: эсселер. - Алматы: Жалын, 1996. - 288 б.
Әлімбаев М. Көргендерім көңілде: деректі эссе-очерктер. - Алматы, 1992. - 33 б.
Әлімбаев М. Өмір. Өнер. Өнерпаз: эссе, естеліктер, ой-толғамдар. -Алматы, 1990. - 459 б.
Әлімбаев М. Толқыннан толқын туады. - Алматы, 1992. - 248 б.
Әлімбаев М. Халық-ғажап тәлімгер. - Алматы, 1994. - 144 б.
Әлімбаев М. Шығармалар жинағы. 2 т. - Алматы, 1997.
1т. - 1997. - 622 б.
2т. - 1997. - 709 б.
Әлімбаев М. Халық-ғажап тәлімгер: қазақ халқының мақал- телдеріндегі, қара өлеңдеріндегі халықтық педагогика және Абай поэзиясындағы азаматтық тағылым хақында. - Алматы: Рауан, 1994. - 144 б.
Әлімбаев М. Хат: өлеңдер. - Алматы: Санат, 2005. - 232 б.
***
Әлімбаев Мұзафар // Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы, 2005. - 89 б.
Әлімбаев Мұзафар // Қазақ әдебиеті: энциклопедия. Алматы, 1999. - 121 - 122 б.
Әлімбаев Мұзафар // Қазақстан жазушылары: ХХ ғасыр. Анықтамалық. - Алматы, 2004. - 53 б.
Әлімбаев Мұзафар // ҚСЭ. - 12т. - Алматы, 1973. - 2 т. - 37 б.
Әлімбаев Мұзафар // Қазақ ССР: қысқаша энциклопедия. - 4 томдық. - Алматы, 1989. - 4 т. - 148-149 б.
Әлімбаев Мұзафар // «Қазақстан». Ұлттық энциклопедия. - 6 томдық. - Алматы, 1998. - 1 т. - 674-675 б.